Ашық хат! Қазақстан Республикасының Президентіне!

Қазақстан Республикасының Президенті

                                                               Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевқа,

                                                               Сыздық Кенесарыұлының халқымыздың   

                                                                ұлттық азаттығы жолында атқарған   

                                                               ерліктерін насихаттау туралы

                                                      АШЫҚ ХАТ

Құрметті Президент мырза! Қазақ халқы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін сақтап қалу үшін Ресей империясының жаулауына қарсы 18-19 ғасырлар бойында үздіксіз күрес жүргізгені тарихтан белгілі. 1991 жылы тәуелсіздігімізді алғаннан беріде қазақтың ұлт азаттығы үшін өз өмірін құрбан еткен көпшлігінің саяси еңбектері зерттеліп халыққа насихатталуда.

Алайда Жетісудан Арал теңізіне дейін Қазақстанның оңтүстіктегі алып өлкесін Ресей жаулауынан қорғап көп жыл шайқасып ерен ерліктер жасаған Сыздық Кенесарыұлының өнегелі өмірін зерттеу мен насихаттау мемлекетіміз тарапынан тиісінше қолға алынбай отыр.

Сыздық Кенесарыұлының батырлығын, қолбасшық дарынын патша қызметкерлерінің өздері таңдана мойындап, оның тірі кезінде-ақ: «Егер де басқа уақыт болғанда Сыздық сұлтаннан екінші Шыңғыс хан шығатын еді», деп жазған.

Тіпті, КСРО үкіметі кезінде 1960-жылдарда түсірген «Его имя придет» фильмінде Сыздық рөлін актер Қ.Жандарбеков, ал 1980 жылдары түсірілген 4 сериалы «Шоқан Уәлиханов» фильмінде де Сыздық күрделі өмір тарихын ашпаған. Ондай фильм еліміз тәуелсіздікке қол жеткеннен соң түсірілуге тиіс еді. Алайда, керісінше, кейінгі 30 жылда Сыздық Кенесарыұлы жайында мемлекет тарабы мүлде үн шығармай тым-тырыс отыр. Тіпті «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның 2000 жылы жарық көрген 3-томында Сыздық Кенесарыұлының Оңтүстік Қазақстанда Ресей басқыншыларынан қорғап күрескен кезеңі 1860-1864 жылдар аралығы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Осы кемшілікті көрсетіп жазған Ә.Оспанұлы «Тарихымыздан Сыздық сұлтанды таппадық» атты (Ордабасы оттары, 09.02.2002 ж) мақаласы жарияланғанына 22 жыл өтсе де, бұл мәселеге Қазақстан билігі назар аударар емес!

Қайта Өзбекстанның екі тарихшысы жуырда Сыздық Кенесарыұлы жайында бір сағат Ютубтан пікірлер айтқанын көріп, алғыс білдірдік…

Сыздық Кенесарұлының ширек ғасыр бойында ел азаттығы үшін күресі жолына қысқаша шолу жасалық.

Ресей басқыншыларымен 10 жыл бойы соғысқан Қазақ елінің соңғы ханы Кенесары Қасымұлы 1847 жылы қаза тапқан соң, оның бала-шағасына, туыстарына қыпшақтар билеп тұрған Қоқан хандығы Созақ маңайынан қоныс береді, салық төлеуден босатады. Кейінірек Тайшық, Сыздық, Ахмет деген Кенесары ұлдары әр қайсысы 500 сарбазға басшы болып тағайындалады.

Сыздық Кенесарыұлы Ресей әскерімен алғаш 1853 жылы Ақмешіт (Қызылорда) түбінде шайқасады. Қаланы жау алғаннан соң да орыс керуен, пошталарын талқандап партизан тәсілімен үздіксіз шабуылдар ұйымдастырады.

Сыздықтың қолбасылық дарыны 1860 жылы Алматы түбінде өткен Ұзынағаш шайқасында да көрінеді… Осы ұрыстан соң аға-інілері Тайшық пен Ахмет Ресей жағына шыққанда Сыздық: «Ата-бабамыздың ұстанған жолын тастап, орыс жағына шықпаймын. Олар Қоқанды алса, Бұхараға барамын, егер Бұхараны алса, онда кез-келген бір мұсылман мемлекетіне барармын. Қалай да ата-баба жолынан аумаймын!», — деп, 40 жігітімен Түркістан қаласына кетеді.

1864 жылы Ресей әскерлері Ақмешіттен аттанып, 9 маусымда Түркістан қоршауға алғанда, бұл кезде Созақтың әкімі болыпи және Қаратаудан Түркістанға дейінгі шекараны өз бақылауында ұстаған Сыздық  120 сарбазымен Түркістанды қорғауға келеді.

Тосқауылға қарамастан Сыздық қамал ішінде түнделетіп кіріп, қорғаушыларға қосылады. Бірнеше рет түнде сыртқа жүз сарбазбен шабуылға шығып, дуал астын қазып жатқан жау топтарын талқандайды. Барлық түрік-мұсылмандар аса қастерлейтін Түркістан қаласы үшін болған шайқаста ерлік көрсеткен Сыздықтың ісі бүкіл Тұран жұртына естіліп, есімін ел ардақтай бастайды. Алайда қала басшысының қашуы мен Түркістанның бас ақсақалы бастаған топтың орыстарға берілмек ниетін байқаған Сыздық басқарған қазақтар, қамалдың одан әрі қарсыласа алмайтынын түсініп Шымкентті қорғауға аттанды.

Полковник М.Черняев басқарған орыс әскері Шымкентті басып алмаққа 1864 жылы 7 шілде күні Әулиеатадан шығып, Шымкентке 5 шақырым қалғанда Сыздық 60 кісілік тобымен барлауға барып, бірінші болып олармен шайқасып кетеді. Черняев әскері Шымкентті екі күн шабуылдап, кері шегінеді. Сөйтіп Түркістанданғы полковник Веревкиннен көмек сұрауға мәжбүр болады. Веревкин әскерімен Ақбұлақтағы екі күндік шайқаста Сыздық Қоқан әскерінің ту ұстаушысы болады. Ол қарша бораған оқтан бұқпай, қоқандықтарды бірнеше рет қарсы шабуылға көтереді. Ақбұлақ шайқасындағы Сыздықтың көзсіз ерлігін Ахмет Кенесарин өз кітабында былайшы баяндайды: «Ту ұстаған Сыздық сұлтан жігіттерін өзі бастап жүз қадам жерге келгенде орыстар үш жүз мылтықтан оқ жаудырды. Біріне бірі тығылып келе жатқан жігіттердің алдыңғылары жаппай құлады, кейінгілері үрейі ұшып жерге жата қалды. Он мың адамның біреуі басын көтеруге жарамады. Тек Сыздық сұлтан ту ұстаған күйі, солдаттардан жүз қадам жерде, бір сағаттай тік тұрды. Солдаттар оны өршелене атқанда тудың шүперегі шұрқ-шұрқ тесіліп, сау жері қалмады. Бірақ Сыздықты Құдай сақтады», — деп жазды.

Осы шайқас кезінде Сыздық мыңбасы болып тағайындалды. Қазақтардан елеулі қарсылық көрген М.Черняев Шымкентті қоршауын тоқтатып, келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Әлімқұл Черняевтен бұрынғы орыстар жаулап алған жерлерді, сондай-ақ ресейлік агрессияға байланысты кеткен 200 мың көлеміндегі шығынды қайтаруды талап етеді.

Келісімнен соң Черняев Әулиеатаға шегінеді, ал хан регенті Әлімқұл мен Сыздық мыңбасы Ферғанаға басып кірген бұхаралықтарды тойтаруға кетеді. Осыны пайдаланған Черняев жасалған келісімді үш ай өткенде опасыздықпен бұзып 20 қыркүйекте Шымкентті басып алады.

Жеңісіне мастанған Черняев 27 қыркүйекте енді Ташкентті жаулауға екі мың әскерімен жорыққа шығады. Орыс әскерінің әр қадамын аңдыған Сыздық өз мыңдығымен оларға Шымкент пен Ташкент аралығында дүркін-дүркін шабуылдар жасап титықтатады да, жау Ташкент түбіне жеткенде қаланы қорғаушылар қосылады… Орыс әскерінің Ташкентке жасаған шабуылы нәтижесіз болып, Черняев Шымкентке шегінеді.

Орыс әскерінің бетін қайтарған соң Қоқан әскербасылары «жазға дейін соғысуды тоқтатуды» ұсынғанда тек Сыздық әскерді таратпай, Түркістан қаласын азат етуге аттануды ұсынды. Ол кезде хандықта Сыздық регент Әлімқұлдан кейінгі екінші әскербасы болап есептелетін. Осы желтоқсан айындағы Түркістанға жорық кезінде Сыздық 800 серігімен ілгері озып, бірқатар ауылдарды азат қылады. Өзіне қарсы жіберілген орыс әскерлерін түрлі тәсілдермен жаңылыстыра отырып талқандайды. 4-6 желтоқсан аралығында болған Икан бекінісі түбіндегі шайқаста қоқандықтар Сыздықтың жеке әскери қабілетінің және оның мыңдығының батылдығының арқасында қаруы басым орыс әскерінің бірнеше тобын талқан етеді. Осы соғыста Сыздық оқ тиіп жараланады…

Европалық әскери тарихшылар Икан шайқасын әскери өнердің тамаша үлгісі ретінде жоғары бағалады. Майлықожа ақын Икан шайқасындағы Сыздықтың ерлігін былайшы жырға қосы

«Қоқан қорықты ұрысты көре-көре»,

Әр кілтін қорғанының бере-бере.

Иканның ұрысында ерлік қылды,

Баласы Кене ханның Сыздық төре.

1865 жылдың мамырында генерал Черняев бастаған орыс әскері Ташкент қаласын қайтадан қоршайды. Сарытөбе жанындағы ұрыста Қоқан билеушісі Әлімқұл қаза болады. Ташкенттіктер оның орнына Сыздықты бас әскербасы етіп сайлап, Қоқан хандығы мен қазынасын Сыздықтың қарамағына береді. Ол қаланың қорғанысын күшейтеді, орыс әскерінің шабуылдарына 40 күн бойына тойтарыстар береді. Мұны көрген қоқандық әскербасылар: «Орыстар қаланы ала алмайтын шығар, ал олар кетсе, мына қазақ төресі Ташкент пен Қоқанды өзі билеп, біз далада қаламыз ғой», — деп, Сыздықты өлтіруге сөз байласады. Мұны байқаған Сыздық Ташкенттің беделді кісілерін жинап, қаланы Бұхар әмірінің қолына беруді ұсынады. Әскери тәртібі босаңсыған қаланы бірнеше күннен соң орыстар алады.

Сыздықты Бұхар әмірі қуана қарсы алып он мың сарбазға басшы қылады. 1865 жылы жазда Сыздық Жизақ қаласына қоныстанып, жауынгерлерін бірнеше топтарға бөліп, орыстар басқан Сырдарияның сол жағына партизандық жорықтарға аттандырып отырады.

1866 жылы 21 қаңтарда Черняев көп әскермен Бұхар иелігіне басып кіріп, 6 ақпанда Жизақты қоршайды. Қаланың ортасына жеткен орыстарды Сыздықтың атқыштар тобы тас-талқан еткен соң Черняев шегініп кетеді. Жызақты басып алу кезіндегі сәтсіздікке көңілі толмаған Ресей патшасы генерал Черняевты Орта Азиядағы қызметінен босатады.

Орыс әскерінің Бұхар иелігіне тоқтаусыз жасаған шабуылдарын тойтарудағы Сыздықтың белсенділігі туралы патша чиновниктері: «Бізге жеткен мәліметтер бойынша Сыздық жай ғана қарақщы емес, ол Орталық Азиядағы біздің билікке қарсы ұйымдасқан күштердің бас жағында тұрған авангард болып табылады. Осыған байланысты Сыздықтың біздің иеліктерде пайда болуы Түркістанда жаңа бүліктер мен қозғалыстардың басталуына негіз болуы мүмкін», — деп жазады.

1868 жылы 21 мамырда орыстарға Бұқар әмірінің елшісі келіссөзге келгенде Кауфман қолбасшы: «Егер Сыздық әскери қимылдарын тоқтатпаса бейбіт келісім жасалмайды!», — деп талап қояды. Әмірдің Ресеймен келісім жасағанына наразы ханзада Әбдімәлік бүлік шығарғанда Сыздық оған қолдау көрсетеді. Бұқар әмірі бүлікті басуға орыстан көмек сұраған соң Сыздық Хиуа хандығына кетеді.

Хиуа ханы Сыздықты қуана қарсы алып, оны Сыр бойының шығысын мекендеген қазақтар мен қарақалпақтардың билеушісі етіп тағайындайды. Сыздық Хиуа хандығында болған 4 жыл бойында Сырдың орыстар жаулаған сол жағынын отаршылдардан зардап шеккен қазақ руларын Хиуа жеріне көшіріп орналастырумен айналысады, 500 кісілік жасағымен орыстардың Орал бекінісі мен Қазалы аралығындағы почта бекеттеріне үнемі шабуылдар жасайды. 1873 жылы көктемде саны 13 мың Ресей әскерлері Хиуа хандығына басып кіргенде, Хиуа ханы оларға қарсы Сыздықтың 700 қазақ пен 500 түркіменнен тұратын әскер жібереді. Әскер саны, қаруы да аз Хиуа хандығы жеңіліс тауып, орыстарға бітімге келгеннен соң Сыздық төре түркімен жері, ары Ауғаныстан арқылы қыпшақ Жақыпбек Бадаулеттің Қашғарда құрған мемлекетіне бармақ болады. Сыздықтың ерлік атағына тәнті түркімен рубасылары оны Мервте 7 ай, Гератта үш ай қонақ қылады. Сыздық Балх, Бадахшан арқылы Қашғарға кетеді. 1864 жылы қытайларды Шығыс Түркістаннан қуып Жетішаһар мемлекетінің пайда болуы Ресей империясына да тиімсіз еді. Сыздық осы-Қытай мен Ресей ортасындағы түрік-мұсылман еліне көмек етуді көздеп келгенді. Жақыпбек Сыздықты мемлекетінің қорғаныс министрі етіп тағайындайды. Алайда Жақыпбек қайтыс болғаннан кейін жергілікті халық оның мұрагер ұлы Бекқұлбекті мойындамай көтерілістер жасайды. Сыздық пен Бекқұлбек ел ішінде бүліктерді басып жүргенде мемлекетке Цинь империясының әскері кіреді. Қытайлармен 1877 жылдың маусымындағы шайқаста Сыздық төре қолынан жарақаттанады. Ол сарбаздарымен ақылдасып: «Мен орыс патшасымен қаншама жыл, талай елге барып соғыстым, бірақ ештеңе шығара алмадым. Енді, міне, қолыма оқ тиіп шарасыз болып қалдым. Маған тыныш отыратын қауіпсіз жер табылатын түрі жоқ. Сондықтан амалсыз орыс қоластына баруым ғана қалды. Егер олар айыбымды кешсе, інім Ахмет сұлтанмен және басқа да туыстармен сол жақта орнығып қалармын», — дейді. Сөйтіп қырғыз жеріндегі Ошқа келіп, осы ойын Ресей үкіметіне мәлімдейді. Ош уезінің бастығы Сыздықты 1878 жылы сәуірде Ташкенттегі Түркістан генерал-губенаторына жібереді. Шымкент уезі басшысының кіші көмекшісі қызметіндегі інісі Ахмет Кенесарыұлының жазбаша кепілдігінен соң Сыздықты Ресей үкіметі осы уездегі Арыс өзені бойындағы бұрын Абылай хан ордасы болған Ханқорған қирандысы орнына қоныстануға рұқсат береді.

Сыздық сұлтанды көзімен көріп, сұқбаттас болған Е.Т.Смирнов оны былай суреттейді: Жасы 55 шамасында, орта бойлы, өте ширақ адам, қазаққа тән бидай өңді, аздап ақ шала бастаған шоқша сақалы бар, әсіресе көздері әдемі, жанарлы, сырт көрінісі аса келісімді жасалған, дене бітімі, әйелдерге тән нәзік саусақтары, өзін сабырлы, салмақты ұстауы, кісімен сөйлескендегі ұяңдығы – бұл адамның Орат Азия хандарының сарай тұрмысын көрген, түрк халқының нағыз ақсүйек адамы екенін танытады, шынында да өзі де ақсүйектер нәсілінен ғой. Алғашқы көргенде осы ойшыл, келбетті келген сабырлы адамның сахараның ештеңеден тайсалмайтын баскесері атанған, 60-70 жылдары біздің осалдау жерімізден тап беріп, басқа қазақ, түркімен топтарына қарағанда қайсарлықпен, өршелене шабуыл жасаған партизан, атақты шабандоз екеніне нанғың келмейді. Ал енді өзі шешен, ағыза сөйлеп, көздері от шашып, қыза келгенде, алғашқы көрген сабырлы, момын адамды қайта тани алмай қаласыз. Алдыңызда сөз жоқ, құдай зерде берген дарынды жаны жас, қарапайым халыққа айтайын деген ойын да, сөзін де жеткізе білетін шешен, қайраты тасыған қажырлы адам пайда бола қалады», — деп сипаттайды.

Ресей отаршыларынан Қазақ елін қорғап шайқасуын 1853 жылы Ақмешітте бастаған Сыздық Кенесарыұлы, Өзбекстандағы Қоқан, Бұхара, Хиуаны қорғауда да көп ерліктер жасап, басқыншылықпен күресуін Қашғарияда Қытайлармен шайқастан соң 1877 жылы тоқтатып еліне оралады. Ол Шымкент уезінде 1910 жылы (кейбір деректе 1917ж.) қайтыс болады. Бұл кез Қазақ даласында 1916 жылдан ұлт-азаттығы көтерілісі басталып, арты революция мен азаматтық соғысқа ұласып жатқан. Соғыстар тоқтаған соң 1928 жылдан коллективтендіру кәмпескесі, төре, байларды Сібірге жер аудару басталып, қазақ қоғамының мыңдаған жылдық қалыпты жүйесі тас-талқан бұзылды. Арты ашаршылыққа соқтырған зобалаң ізінше 1937-1939 жылдары саяси репрессиялар жүргізілді. Осындай зұлматтарды басынан кешкен ҚАЗАҚ халқы Сыздық төренің жерленген жерін жадынан өшіріп алған. Бір деректер бойынша Сыздық өзінің басына ешқандай құрылыс тұрғызылмауын өсиет етіпті.

Сонымен, егер Латын Америкасының 2-3 елінде бес жылдай партизандық әрекеттер жасаған Че Гевароны бүгінде бүкіл әлем білсе, ал отаршылдардан қазақ, т.б. түрк елдерінен 25 жыл қорғап шайқасқан Сыздық Кенесарыұлын өзге түгіл қазақтың өзі білмегені, ұят жағдайда екенбіз.

Президент мырза! Тарихымыздағы, ұрпаққа үлгі болар Сыздық Кенесарыұлын насихаттаудағы кемшіліктерімізді түзету үшін мынадай іс-шараларды мемлекет өз қолына алып атқаруын сұраймыз:

  1. Сыздық Кенесарыұлы өзі қаншама рет қорғап соғысқан Түркістан қаласынан көше аты беріліп, сол көшеде оған еңселі ескерткіш орнатылсын.
  2. Сыздық Кенесарыұлының өмірі мен саяси күрескерлігі туралы деректі және көркем фильмдер түсірілсін.
  3. Сыздық Кенесарыұлы туралы мектеп, арнайы орта және жоғары оқу орындары оқулықтарына, академиялық тарихқа енгізілсін.
  4. ҚР Мәдениет министрлігіне Х.К.Қожа-Ахметтің «Сыздық Кенесарыұлы» атты операсының сахнада қойылуын ұйымдастырылсын.
  5. Ресей басқыншылығынан Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтарын да қорғап соғысқандықтан, Қазақстан билігі Өзбекстан билігіне Сыздық Кенесарыұлының есімін ол елде де халқына насихаттау жұмыстарын жүргізу туралы өтініш айтамыз.

Ғарифолла Әнес ф.ғ.д, профессор

Қойгелдиев М.Қ., профессор ҚРҒА мүшесі

Ғабжалелов Хайрулла т.ғ.к, алғашқы ұлттық валюта тенгенің авторы

Қойшыбаев Бейбіт, жазушы

Ханкелді Әбі ҰҒА академигі

Оразов Рашид

Нұрлан Амреқұл

Қасымов Сабыр «Қаһармандар» қоры төрағасы

Бейсенғазы Сәдуұлы, Желтоқсан көтерілісінің ардагері.

Хасен Қожа-Түрк, 1970-1980 ж.ж. саяси тұтқын, тарихшы, ҚР «Азат» қозғалысы төрағасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *