СҮМБІЛЕДЕ СУ СУЫЙДЫ. Ш.БЕРСИЕВ АУЫЛЫНЫҢ МҰҢ-ЗАРЫ

«Сүмбіледе су суыйды» осы сөзді қариялар тамыз айы кірісімен еске салып отыратын еді. Біз барып-көріп, тілдескен берсиевтіктер де осыны айтып, шыр-пыр болып жатыр.

Сөзімді созбайын, ауыл тұрғыны әрі мектеп мұғалімінің зарлы уәжіне құлақ түрелік: “Мен, Қожалы Амангелдінің баласымын. Есімім Даниел болады.
Суға кеткеннен кейін мемлекеттік жоба бойынша үш вариант қарастырылды. Біріншісі, Берсиев аулынан үкімет мердігерлерді әкеліп үй салып береді. Екінші вариант, Ойылға көшу. Яғни аудан орталығынан үй сатып алу. Үшінші вариант, үй салып алуға ақша беру. Үй салу үшін ақшаны бізге бермей отыр. Өтемақыны. Біз өзімізге тиесілі шаршы метрді талап етіп отырмыз.
Құлаған үйіміздің көлемі 13х13 болатын. Яғни 169 шаршы метр. Қазір салып жатқан үйлерге біз сыймаймыз. Өйткені жан ұямызда 11 адамбыз. 80 шаршы метрдің жатын бөлмелері 56-шаршы метр. 85 жастағы әкеміз, 75 жастағы шешеміз бар. Оларға жеке бөлме, күтім қажет! Ойлап қараңызшы, осыншама жанмен құстың ұясындай тар үйге қалай сыйамыз?!
Сондықтан да, біз қарсы болып отырмыз. 28 миллион теңгені қолымызға берсе, қора-қопсысымен сықитып салып алар едік.
Жергілікті билік не істеп отыр десеңіз, сол қаулыдағы үшінші вариантты алып тастап отыр. Заңды өзгертіп отыр. Енді білмеймін… соттасамыз ба? Не істейміз? Басқа вариант бізде болмай тұр.
Ал, үкімет салып жатқан үйлердің сапалары сын көтермейді. Ағамның өзі үй салдырып жатыр. Күнде қарап, бақылап отырады. «Ана жерін өйт, мына жерін бүйт» деп… Әкелген құрылысшылары үй салуды білмейді… Мысалы, бір үйді бастап, қайта сүріп тастап, қайта салды. Ірге тасын айтып отырмын. Бұл жерде біраз компаниялар жүр. Кейбіреулері қайта кетіп жатыр. Өзбектер де келіп жатыр.
«Эверест» , «Ақтөбе Сәулет Құрылыс» және Шымкенттен келген компания бар. Шұбарқұдықтан келгені де бар. Мен күнде солардың жұмыстарын бақылап, көріп жүрмін. Әрбір үй салдырып жатқан тұрғын өздері бақылап, қарап жүр. Масқара емес пе? Технадзорлар қайда? Әкімдер келеді, кетеді. Бізге тиімді варианттарды ұсынбайды.
«80 шаршы метр үйді салдырсаңшы» дегенен танбайды. Біз де Қазақстан республикасының азаматтарымыз, сонда біздің құқығымызды кім қорғайды?! Өзіміздің заңды құқығымызды талап етіп барсақ, неге іріткі салып жүрсіңдер дейді. Тиесілі қаржыны қолымызға берсе, жалғыз үй кеткен жоқ қой, суға қора-қопсылар да кетті. Соның бәрін салып алар едік.
Сүттей ұйып отырған ауылымыздың іргесі ыдырап, жартысы көшіп кетті. Кім туып-өскен, жерін өздігінен қиып тастар дейсің. Амалдың жоқтығынан кетіп жатыр. Сол бөлінген қаржыны қолымызға бергенде, бәрі үй салып алар еді. Ауылда қалар еді.
Мектептің де жағдайы мәз емес. Оқушылар саны азаюда. Жұмыс орны қысқаруда. Ертең мектеп жабылар болса, бәріміз көшуге мәжбүр боламыз. Елді отырған жерінде тұрақтандыру қажет қой.
Күз келіп қалды. «Сүмбіледе су суыйды» деген сөз бар, ескіден келе жатқан. Ертең әкімшілікке барғалы отырмыз. Қарт ата-анамды, балаларды ертіп… Басқа не амал бар?!
Адам жалдап сарай салдырып жатырмын. Өз қаражатыма, қарыз алып… бізде осындай әділетсіздік орын алуда. Билік пен халық арасында байланыс жоқ. Депутаттар келіп кетеді. Басқалары да келеді. Айтатындары бір сөз «үйіңді салдыр» дейді. Біз айтып жатқан кемшіліктерді көргісі келмейді.
Біреулер қорасының орнына үй салдырып жатыр. Екіншілері ақшаларын алып, қаладан үй алып жатыр. Ел арасына да сызат түсіп жатыр. Осындай әділетсіздікті көргенде, ішіміз удай ашиды. Депутат Мақсат Толықбай да келіп кетті. Шілде айында. Жазып алады. Уәде береді. «Жеткіземіз» дейді. Хабар-ошар әлі жоқ. Қазір үкіметке де, билікке де сеніміміз қалмағандай… Жанайқайымыз жоғарыға жетпей отыр. Егерде бұндай бассыздықты жоғарғы жақ білсе, бұндай болмас еді деп ойлаймын» деп көзіне жас тығылып қалды.

Жергілікті кәсіпкер, көп балалы ана Әлия Есімғалиева да төтенше жағдайлар басталғалы өтемақыны қолыма беруді сұрағанын айтады.
“Себебі, төтенше жағдайлардың ережелерінің 1222 нөмірлі қаулысымен таныстым. Осы қаулының ішінде 4-бабында «Дербес шот» деген бар еді. Егерде халық салынатын үйлерге келіспеген жағдайда келісім-шартқа отырып, қаржыны алып, өздерінің ыңғайына қарай үй салып алуға болады деген. Қаржы бірден түспейді. Әуелі 50 пайызы, содан кейін 25 дегендей… Мұны осы іспен айналысатын комиссия тексеріп отырады делінген. Осы ережені алға тартып бармаған жерім қалмады. «АМАНАТ» партиясына да бардым. Облыстық әкімшілікке де бардым. Кіргізбеді.
Өтініш ретінде де жаздым. Ешқайсысы кездескен жоқ. Бар айтатыны «қолма-қол берілмейді» дейді.
Мен айттым “сонда үкімет бұл заңдарды не үшін шығарған» деп. Түркістан облысы суға кеткенде, сол ережені пайдаланды. Ол қаулы одан кейін өзгерген жоқ. Жеме-жемге келгенде кеше премьер-министр Олжас Бектенов мырза келгенде, сол қаулыны өзгертіп жіберді. 4-ережені алып тастады.
Бектенов шілдеде келді. Қаулыны артқы айлармен 19-сәуірде өзгертілген деп жалған ақпараттар берді.
Мақсат Толықбай келгенде мен осыны айттым. Ол тыңдап тұрып айтты «Сіз ала аласыз. Сіздікі дұрыс! Тек қана сотпен аласыз» деді. Содан адвокат жалдап сотқа да бердім. Аламын деп ойладым. Аяқ астынан заңды өзгертіп жіберді. Қаулыны депутаттар арқылы өзгертуге құқылы екен. Олардың құзыры бар болып шықты. Содан кейін ауылдан амалсыз үй қарадым. Сатып алуға келісім-шартқа отыруға мәжбүр болдым. Мына салынып жатқан үйлердің шаршы метріне мен келіспеймін. Қаланың пәтерлеріндей шағын. Құттақандай… Өзім былтыр ауыл “Аманаттан” қаржы несие алып, құс өсіретін жеке қожалық аштым. Құстарым түгелдей суға кетті. Шығынды ешкім өтеген жоқ. Ауыл шаруашылығына жауаптылар «құстар көрсетілмеген» дейді. Ал, суға кеткен малдарға өтемақы төлеп жатыр. Қаншама тонна жемдерім суға кетті. Іріп-шіріп жатқанда басшылар келіп көздерімен көріп кетті. «Ешқандай төлем сендерге төленбейді» деп отыр. Бектенов халықпен кездеспей кетіп қалды. Халыққа «мектепке барыңыздар, сол жерге келеді» иіріп қойды. Вертолетімен кетіп қалды. Халық шулап қалды…»

Берсиев ауылының азаматы, ауған соғысының ардагері Болат Сағатовтың айтуынша: “Депутат Мақсат Толықбай шілде айында келген болатын. Оған да барлық жағдай түгел айтылды. «Көмектесемін» деп кетті. «Өнер адамдары» деген қордың атынан Қайрат Нұртастың шешесі Айдарбекова да келіп кетті. Қордың атынан 400 мың теңге берді. 2 вагон типтес (контейнер) барлық жабдығы мен тұрғын үй әкеліп табыс етті. «Халықтың игілігіне бердік» деді… Ағаш үйлердің барлығы халықтың жылуының арқасында келген болатын”.

Бір ауылдың зар-мұңының үштен бірін ғана айтып отырмыз. Ашулы тұрғындардың айтары көп… олардың бәрін қайталап айтуды қолай көрмедік. Қалай десек те, кең жүректі халқымыз Тоқаевқа сенім артып отырған тәрізді. Жергілікті билік президентке жеткізбей отыр деп түсінеді.
Іргелес жатқан Қобда ауданында салынып жатқан 100 шаршы метр үйлерге тұрғындардың көпшілігінің көңілі толады екен. Екеуі де Ақтөбе облысына қарайды. Халықты премьер-министрмен кездестірмеген жергілікті билікке ренжулі. Ашынған жұрт енді болып жатқан әділетсіздік президент Тоқаевтың құлағына жетсе дейді. Лайым солай болғанын бізде қалаймыз!
Жас әкім Асхат Шахаров інімізге айтарымыз, аудан әкімдерінің жылтыр есебіне құлақ түріп қоймай. Өзіңіз барып халықпен кездескеніңіз абырой болар еді.
Аудан, ауыл әкімдеріне айтарымыз, сол елдің азаматтарысыздар, ағайынға жандарыңыз ашысын. Зейнетке шыққанда сол халықтың арасында боласыңдар, сонда беттеріне қалай қарайсыздар?

Марқұм Әбіш Кекілбаев ағамыздың Сенат төрінен айтқан мына сөздерін еске бір алып көрелік:
«ҚАЗАҚТЫ ҚАШАНҒЫ ЕКІ БҰТТЫҢ АРАСЫНА САЛА БЕРЕМІЗ!»

Аманкелді Жұмашұлы
Алматы — Ақтөбе — Ойыл — Берсиев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *