АҚ ТАРЫНЫҢ АТАСЫ ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВ АУЫЛЫНЫҢ МҰҢ-ЗАРЫ
Биыл 12 тамызда Ақтөбе қаласынан таксилетіп ежелгі көне кенттің бірі Ойылға бардым. Аудандық әкімшілікке бас сұғып, әкімнің бір орынбасарымен аз-кем тілдестім де, соның айтуымен көктемде су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан құрылыс алаңына беттедім. Құрылыс жасап жатқан «Муканов и К» ЖШС өкілі Бейсенбай Тұяқбаевты сөзге тарттым. Өте сақ жігіт болуы керек. Телефон арқылы басшыларынан ұлықсат сұрап алды да сұрақтарға қысқа жауап берді.
«Ойыл ауылында 4 тұрғын үй салып жатырмыз. 1 қыркүйекте тапсырмақ ойымыз бар. Материалдар жеткілікті, қаржы тапшылығын көрген жоқпыз», — деп қайырды.
«AIA BUILD» ЖШС-нің өкілі Құлжанов Темірханның да жауаптары қысқа болды.
«Ойылда 6 тұрғын үй салып жатырмыз. Үйлердің барлығы да 80 шаршы метр. Бір типтік. Қора-қопсылары жоқ. Тек қана үйдің өзі. Негізгі жұмыстарды аяқтап қалдық. 1- қыркүйекте тапсырамыз деп отырмыз”, — деді.
Ойыл кентіндегі салынып жатқан үйлердің сапасын білмесек те, күзге шейін аяқталатынына сеніммен қараған күйі Берсиев ауылына аттанып кеттік. Басты көпір зақымданған соң, баяғы ескі көпірмен жүреді екен. Көпір үстінен екі ауыр машина көрінді. Жұмыстары енді басталған сияқты.
Ойыл мен Берсиевке дейін 2023 жылы күзде жаңа асфальт төселген екен. Ұзындығы 20 шақырым деді таксист жігіт. “Халықтың айтуынша 4 миллиард теңгеге салынған дейді”.
Тасқыннан кейінгі көрінісі көңіл көншітпейді.
Асфальттың үстінен су ағып көптеген зардап шеккені байқалып тұр. Тасқын салған жаралар әлі жазыла қоймапты.
Әңгімелесіп отырып, Берсиевке де жеттік. Кіре берісте 4 үй салыныпты. Адамдары кіріп алған сияқты. Тұрғындардың айтуынша, келген басшыларды сол үйден кері қайтарады екен. Бір кездері теп-тегіс болған ауыл көшелерімен жүріп келеміз. Тасқыннан соң жыра, сайға айналыпты. Машина түгілі адам баласының өзіне де жүру ауыр тиеді.
Сай-саланы құрылыс қалдықтарымен толтырып жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуларынша, жұмыстар баяу жүріп жатқан сияқты. Шатырлары толық жабылмаған үйлерде баршылық екен. Қабырғалары енді қаланып жатқандары да бар. Қысқасы, биыл қыста қалай боларын бір Құдай мен халықтың өздері ғана білетін шығар…
Халық ағаш үйлер мен палаткаларда тұрып жатыр. Жазда ыссы. Қазір суықтау. Ағаш үйдің ішінде ұйықтап шықтым. Түнде жаңбыр жауып еді. Бақалар ағаш үйдің ішіне қаптап кетті. Көрпеміздің ішіне де кіріп алды., Ондайды көрмеген адамға ыңғайсыздау екен.
Ат басын тіреп барған жергілікті белсенді азамат Нұрлан Әділов мектепте мұғалім болып істейді екен. Көкірегі ояу, сауатты, мәдениетті жігіт. Ауыл адамдары «Нұрлан би» деп атайды екен. Телефонына тыным жоқ.
«Күз келіп қалды. Не істейміз?» — деп ақыл сұрап жатқандарының куәсі болдық.
Ауылды аралап, тұрғындармен жолығып, сұхбаттар алдық. Ауыл тұрғыны зейнеткер Гүлжан Мырзанбекованың жанайқайынан үзінді келтіре кетелік: “Мамыр айында үйімізді бұздырып тастады. Құрылыс баяу жүріп жатыр. Үш күн болды, жұмыстары тоқтап тұр. Біз қалайда осы үйлердің біткенін қалаймыз. Шалым 1-топтағы мүгедек, тасқыннан кейін стрес алды. Қазір 10 күн болды, ауруханада жатыр. Қанша миллион теңге бөлінсе де осы үйге келген жұмысшылар қанағаттандырып жұмыс жасап жатқан жоқ. Қашан бітіреді, оны айта алмаймыз”, — деп мұңын шақты.
Берсиев ауылының тұрғыны Оралбаева Гүлзейнептің жанайқайына көңіл бөлелік: «Ауылымыз 100 пайыз суға кетті. Айнала телегей теңіз су болды. Бүкіл халық қиын жағдайда қалды. Қазір ауылымызда 130 үй салынып жатыр. Менің жобам бойынша 40 пайызы ғана аяқталып тұр. 60 пайыз жұмыс атқарылған жоқ. Құрылысшылар сылбыр қимылдап жатыр, асығар емес. Жұмысшылар тұрақсыз. 5-10 күн жұмыс жасап кетіп қалады. Ақшаларын тұрақты бермейді. Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Үш айдан асты 35-40 градус ыстықта жатырмыз, отырмыз, ағаш үйлерде. Палатакалардың төбесінен су ақты. Оқу мерзімі таяды. Менің 4 немерем оқиды. Ұлым мен келінім бар. 2-топтағы мүгедек қайным бар. Мына салынып жатқан 80 шаршы метр үйге біз қанағаттанбаймыз. Солай бола тұра осы үйлерді тезірек пайдалануға берсе екен дейміз. Өйткені, мұқтажбыз! Бүгін тамыздың 12-сі. Балалардың мектепке баратын уақыты жақындап қалды. Шиттей бала-шағамен қайда барып тұрамыз?! Үйдің іші әлі майланған жоқ. Қыркүйекте салқын түседі. Сонда үйдің іші қалай кебеді. Көгістеніп, ылғалданып кетеді. Бәрімізде ауруға шалдығуымыз кәдік. Аудан басшылары “1 тамызда бітіріп, кілт береді» деген. Облыс әкіміне де шықтық. Асхат Шахаров келіп, аралап кетті. Бүгін бірінші орынбасарымен сөйлестім. Ауылдағы болып жатқан жағдайларды айттым. 15 күн болды. Жұмыс тоқтап тұр. Материалдары жоқ. Ақшалары жоқ. Халықты әбден қан-қақсатып отыр.
Премьер-министр Бектенов келгенде онымен кездесе алмадық. “Мектепке барыңыздар” деп, халықтың бәрін мектепке жинап қойды. Сөйтіп кездесе алмадық. Бізбен кездеспеді”.
Нұрғазин Талғат Хасанбайұлының айтқаны: “Ауыл 100 пайыз суға кетті. Мен ешқайда кетпей ауылда қалдым. Көршіміздің шөбінің төбесінде жаттым. Бес айдан бері ағаш үйде жатырмыз. Күйіміз әбден кетті. Азып-тоздық.
Біздің үйді Шымкенттік компания салып жатыр. Жұмыстары тым баяу. Ішкі құрылысы әлі басталған жоқ. Әкімдерге айтып жатырмыз. Күз болса келіп қалды.
Кімге барып шағымданарымызды білмей отырмыз. Суға кеткен уақытта халық көп көмектесті. Ауылымыздың кәсіпкері аудандық мәслихат депутаты Ещпанова Назгүл көп еңбек сіңірді…»
Белсенді азамат Нұрлан Әділовтың айтқандарына құлақ түрелік: «Жалпы 29 наурызда күндіз келген су 30 наурызда қайта бастады. Сол аралықта халықты алдымен үлкендерді, бала-шағаларды, мүгедектерді мектепке шоғырландырдық.
Ойылға мәдениет үйіне, лицейге, спорт мектебіне орналастырды. Ауылда елуге жуық азамат қалдық. Ұлу тастардан салынған үйлер зақымдалған жоқ.
Айбек Ибрашев, Сатаев Қайырбай, Әлібек деген жігіттердің, Сүлейменов Нұрлан деген азаматтың үйлерінде 50 адам тұрды. Тамақ ішті. Басқа үйлерге кіру мүмкін емес. Көбі қирап қалды. Су етікті киіп алып, қоралардағы өлген малдардың өлекселерін жинап шығарып жүрдік. Осындай да қайырымды азаматтарымыз бар. Алланың рахметі жаусын!
Ауылымыздағы 215 түтіннен 100-ге жуығы көшіп кетті. Жағдайы болмағандықтан кетті.
Мектебіміз күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Балабақшаның құрылысы әлі басталған да жоқ! Халық санының азаюына байланысты жабылып қалуы да ғажап емес! Осы мәселеге көп көңіл бөлген дұрыс. Келесі айтарым: Ойылмен екі араға салынған жол мәселесі. 20 шақырымдық жолдың сапасы қазір сын көтермейді. Былтыр күзде салынған асфальт жолымызды су шайып, біраз жерін бүлдіріп кетті. Газ мәселесін де тездетіп, күз болғанша іске қосылса екен дейміз.
Көрші Екпетал ауылы да суға кетті. Бұл ауыл сайлы жерде орналасқан еді. Сол себепті, өте көп зардап шеккен болатын. Малдары да көп қырылды. Ауылымызға су тасқыны келгеннен бастап жандарын аямай халыққа қызмет жасаған азаматтардың аттарын атап өтуді өзіме парыз санаймын. Ел ішіндегі ерлерді халық білуге тиіс.
- Қосан Райымбек
- Берікқали Мирасбек
- Қожасаев Асылан
- Аронов Айсұлтан
- Құлтеміров Ербол
- Еламанов Марлен, 7.Шалабаев Ақниет з
8.Ешмуканов Бекнар 9. Теміржанов Ғазиз т.б.
азаматтарымыз ерен еңбектерімен көзге түсіп еді. Түнімен суық суды белуардан кешіп жүріп қызмет атқарды. Жастарға үлгі ретінде мемлекет тарапынан марапатталғанда қатып кетер еді. Ел шетіне жау келсе, осындай азаматтар Отанды қорғайды!
Ауылдастарына риясыз еңбек еткен депутатымыз кәсіпкер Ещпанова Назгүлге де ризамыз!
Басында барлығы да үйлер 100 шаршы метрден болады деген. Сарайларын да салып береміз деп уәде етіп кетті. Кейін 80 шаршы метрге дейін түсірді. Қоралар салынбайтын болғасын халық өздері салып жатыр. Қарызданып…
Халық ренжулі. Облыс әкіміне наразылық хаттарын да табыс етті. Бір үйде 11-12 жандары барлар 80 шаршы метр үйге қалай сияды. Оны ойлап жатқан билік жоқ. Жұмысқа келіп жатқан өзбек ағайындар жұмысты бастап, кейбірі тастап қайта кетіп жатыр. Менің ойымша қаржыларын дұрыс бермей жатқан сияқты. Әйтпесе кетпес еді.
Мердігерлік компаниялар да тұрақтылық жоқ. Осының бәрін тексеретін, әділ төрелік ететін құзырлы органдар жұмыс жасаса оң болар еді”.
Көзбен көргендердің барлығын айтуға уақыт тар болып тұр. Бір ауылдың жанайқайы осындай. Басқа өңірлерде не болып жатыр екен?
Елі үшін шырылдаған азаматтардың мұң зарын кім тыңдайды, кім көз жасын сүртеді?
Аманкелді Жұмашұлы
Алматы — Ақтөбе — Ойыл — Берсиев ауылы