Азат елдің ескерусіз желтоқсаны

Әбдірашит Бәкірұлы, желтоқсаншы

2016 жылғы 25 қазанда Астана қаласында «Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық конференция өткен болатын. Конференцияда Польшадан, Түркиядан, Ресейден, Мажарстаннан, Моңғолиядан және басқа да 10 елден келген ғалымдар көтерілістің совет империясы мен «социалистік лагерьдің» ыдырауына, демократиялық және КСРО-да ұлт-азаттық процестердің туындауына тікелей ықпалы болғанын шынайы фактілермен дәлелдеп шықты.

Сондықтан, тұтас құрылықтың геополитикасына өзгеріс алып келген Қазақстандағы Желтоқсан-89 көтерілісінің халықаралық маңызы бар. Халықаралық эксперттер  Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың: «Желтоқсан оқиғасына қатысушылар әлем алдында туған халқының ар-намысын қорлауға, ұлттық құқықтарын аяққа таптауға бұдан әрі жол бермейміз деп ашық түрде мәлімдеді. Көтеріліс Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне жол ашты», –  деген тұжырымын дұрыс деп тапты.

Конференция мынады қарар қыбылдаған еді (қысқартылып алынды):

  1. 1986 жылғы 17-19 желтоқсанда Қазақ КСР-інде болған, ел азаттығы мен егемендігін қорғауды мақсат тұтқан саяси бой көрсетулер көтеріліс деп танылсын.
  2. Ғылыми және қоғамдық айналымға «Тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің құрылуына өз әсерін тигізген, саяси жүйелердің демократиялық өзгеруіне жол ашқан бүкіләлемдік тарихи «Қазақ халқының көтерілісі» деген тезис енгізілсін.
  3. «Желтоқсан-86» – Қазақстанның болашағы жолында жастардың жаппай патриотизм мен батырлық таныту актісі деп танылсын.
  4. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі туралы бұрын берілген ғылыми бағалар мен тұжырымдар, оның ішінде 1987 жылғы мамырда Қазақ КСР ҒА-да өткізілген ғылыми конференция түсіндірмелері ғылымға жат және объективті емес деп танылсын.
  5. Желтоқсанның барлық белсенді қатысушылары «Қазақстанның азаттығы мен егемендігі жолындағы күрескерлер» деп танылсын.
  6. ҚР Парламентіне «Желтоқсан (1986 жылғы) көтерілісіне қатысушыларды ақтау туралы» Заң қабылдау ұсынылсын.
  7. Үкіметке және Астана Әкіміне «Желтоқсан-86»-ның қаһармандарына» монументтік кешенін тұрғызу туралы шешім қабылдауды ұсынылсын.
  8. ҚР Парламентіне, ҚР Білім және ғылым министрлігіне ел бюджетінде «1986 жылғы Желтоқсан» көтерілісін жан-жақты зерделеу жөніндегі ғылыми зерттеулердің арнайы бағдарламасын жеке жолмен көрсету ұсынылсын.
  9. Үкіметке және «Желтоқсан-86»-ның бесігі – Алматы қаласының Әкіміне көтеріліске архивтік, фото-құжаттық, ұлттық-руханилық, патриоттық «Желтоқсан-86» тарихи мемориалдық орталығының» іргетасын қалау, құрылысын бастау ұсынылсын.
  10. Қазақстан Республикасының Үкіметіне «Желтоқсан-86» қатысушыларының жаппай батырлығы мен патриотизмін мәңгі есте қалдыру шараларын іске асыру ұсынылсын.
  11. ҚР Білім және ғылым министрлігіне колледж және жоғары оқу орны оқулықтарында «Желтоқсан-86» көтерілісіне жеке параграфтар арнау қажет деген өтініш жасалсын.
  12. Ғалымдардың халықаралық форумы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевқа 18 желтоқсанды Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен қаһармандарды жалпыұлттық құрметтеу күні деп жариялау жөнінде өтініш берілсін.
  13. ҚР Білім және ғылым министрлігіне жыл сайын Халықаралық «Желтоқсан оқуларын» өткізу жөнінде өтініш жасалсын.
  14. ҚР Білім және ғылым министрлігіне осы көтеріліске байланысты диссертациялық зерттеулер тақырыптарын таңдау ұсынылсын.
  15. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне және ҚР Мемлекеттік архивіне «Желтоқсан-86» энциклопедиясын шығару ұсынылсын.

Міне, содан бері бір жыл да өте шықты.  Енді, осы құжатта айтылған ұсыныстардың қайсысы орындалды деп сұрайық? Шынын айтсақ – ешқайсысы да орындалған жоқ! Не себептен? Менің ойымшы, оның көптеген себептері бар. Бірақ мен оның өзім маңызды санайтын бірнешеуіне ғана тоқталайын:

  1. Желтоқсан көтерілісінде жастар алаңға Әділеттілік пен Теңдік идеяларын ту етіп шықты. Бірақ, нәтижесінде, Желтоқсан көтерілісі дүмпуінен тәуелсіздікке қол жеткізген елдерде Әділет пен Теңдік салтанат құра алған жоқ. Бәрі сол бұрынғы күйде қалды: әділетсіз сайлау, жеке басқа табыну, кландық-олигархиялық топтардың билік пен бизнесті меншіктеп алуы, соған сай коррупция және т.б. Яғни бізде Желтоқсан идеясына сай қоғамдық және мемлекеттік құрылым жасалмады. Сондықтан Желтоқсанды дәріптеу – қазіргі жүйенің мазмұнына сәйкес емес.
  2. Желтоқсанды ресми түрде көтеріліс ретінде мойындау – оған қатысқан азаматтарға арнайы статус беруге жалғасады. Нәтижесінде мемлекет оларды қолдау және әлеуметтік көмек көрсету үшін қомақты қаржы бөлуге мәжбүр болады. Бірақ елімізде мыңдаған азаматтар өте төменгі деңгейде өмір сүруде. Күнкөріс қиындап барады. Бұл – әуел баста қате басталған экономикалық саясаттың зардабы. Сондықтан қазіргі Үкімет ондай қадамға бара алмайды.
  3. Желтоқсан көтерілісі – халықтық рухтың айбынды көрінісі. Ендеше, оны мойындау халық рухын көтеріп, бүгінгі жағдайға деген наразылықты одан әрі өршітуі мүмкін.
  4. Желтоқсанға өзінің империялық айбынын жоғалтып алған Мәскеу де «өкпелі» болуы мүмкін…
  5. Желтоқсан көтерілісшілерінің өзара басы бірікпеуі (әрине, биліктің көмегімен де болуы мүмкін), олардың Көтеріліс идеясын қабылдамауы, оны меркантилдік мақсаттарға бұруы. Яғни, Желтоқсан идеясының мемлекетшілдік сипатының анықталмауы!

Міне, әзірге осы себептерді ғана атап кеткелі отырмын. Әрине, одан өзге  себептер жеткілікті. Бірақ олардың бәрін атап өту болашақтың үлесінде деп білемін.

Құрметті желтоқсаншылар! Рухты өшірмеңіздер, биік болайық! Азаттық жолында құрбан болған батырларымызға тағзым!

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *